Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы

Нашар көретіндерге арналған нұсқа

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы

Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуiнiң негiзi

Құрметтi отандастар!

Құрметтi депутаттар, үкiмет мүшелерi!

Баршаңызды жаңа парламенттiк маусымның басталуымен  құттықтаймын!

Бiз елiмiздiң жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келемiз.

Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзiнiң Тәуелсiздiгiн жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады.

Осы уақыт iшiнде Қазақстанның Тұңғыш Президентi — Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың басшылығымен елiмiз әлемдегi беделдi әрi орнықты мемлекетке айналды.

Баянды бiрлiгiмiздiң арқасында тәуелсiздiгiмiздi нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық.

Бұл жасампаздық пен iлгерiлеу, бейбiтшiлiк пен келiсiм кезеңi болды.

Елiмiздiң даму жолын бүкiл әлем мойындап, Қазақстандық, яғни  Назарбаев моделi деп атады.

Қазiр бiзге Тәуелсiздiктiң жетiстiктерiн еселеп, елiмiздi дамудың жаңа сапалы кезеңiне шығару мүмкiндiгi берiлiп отыр.

Бiз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелi реформалар жүргiзу арқылы қол жеткiзе аламыз.

Өздерiңiзге белгiлi, осының бәрi менiң сайлау алдындағы бағдарламама негiз болды.

Қазiр мемлекеттiк органдар оны жүзеге асыру үшiн тиiстi жұмыстар жүргiзуде.

Мен халыққа берген уәделерiмдi мiндеттi түрде орындаймын.

Бiз өз жұмысымызда Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт Жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттiгiн басты назарда ұстауымыз керек.  

Елбасымыздың бастамасымен құрылған Жаңғырту жөнiндегi Ұлттық комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет.

Ендi ортақ мiндеттерiмiздi және сайлауалды бағдарламамды iске асыруға қатысты ой-пiкiрлерiме тоқталайын.

I. Заман талабына сай тиiмдi мемлекет.

Мен уәде еткен саяси жаңғыру үдерiсi азаматтарымыз бен мемлекетiмiздiң мүдделерiне сәйкес, бiртiндеп үздiксiз жүзеге асырылатын болады.

Негiзсiз, жүйесiз саяси ырықтандыру елдiң iшкi саяси ахуалының тұрақсыздығына, тiптi мемлекеттiлiктен айырылуға әкелiп соғатынын әлем елдерiнiң тәжiрибесiнен көрiп отырмыз.

Сондықтан бiз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керiсiнше, кезең-кезеңiмен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз.

Елiмiздiң қоғамдық-саяси өмiрiн жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды iске асыру мүмкiн емес. Бұл — бiздiң ұстанатын басты қағидатымыз.

«Күштi Президент — ықпалды Парламент — есеп беретiн Үкiмет».

Бiз бұл мақсатқа әлi де жете қойған жоқпыз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысқа бар күш-жiгерiмiздi салуымыз қажет.  

Саяси жүйенiң бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негiзi саналады.

Азаматтардың барлық сындарлы өтiнiш-тiлектерiн жедел әрi тиiмдi қарастыратын «Халық үнiне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын iске асыру — бәрiмiзге ортақ мiндет.

Билiк пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазiргi геосаяси ахуалға бейiмделген үйлесiмдi мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетiп, оның әлеуетiн нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттiк мiндеттердi шешу үшiн талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкiндiктерiн кеңiнен қолдану қажет.  

Осы мақсатпен бiз белгiлi қоғам өкiлдерiн қамтитын Ұлттық қоғамдық сенiм кеңесiн құрдық. Бұл кеңес ротациялық тәртiппен жұмыс iстейдi.

Алдағы уақытта бiзге мынадай шараларды жүзеге асыру керек.

Бiрiншi. Партия құрылысы үдерiсiн жалғастыру.

Көшбасшымыз және партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың арқасында «Nur Otan» партиясы елiмiздiң жетекшi саяси ұйымына жүктелетiн күрделi әрi жауапты мiндеттердi дәйектi түрде iске асырып келедi.

Бiз қоғам игiлiгi үшiн сындарлы саясат жүргiзiп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс iстеуiмiз қажет.

Қоғамды толғандырып отырған негiзгi мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешiмiн табуы тиiс.

Депутаттар Үкiметке өзектi мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, нақты шаралар қабылдауды талап ете отырып, өздерiне берiлген заңды құқықтарын пайдалануы қажет.

Заң шығарушы және атқарушы билiк арасындағы қарым-қатынас жасанды тартысқа емес, iскерлiк сипатқа, өзара құрметке негiзделуi тиiс.

Мемлекет басшысы ретiнде елiмiзде көппартиялықты, саяси бәсекелестiктi және ой-пiкiрдiң сан алуандығын дамытуға ықпал етудi өз мiндетiм деп санаймын.

Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшiн маңызды.

Алдағы Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттар сайлауы елiмiздегi көппартиялық жүйенiң дамуына оң ықпал етуi тиiс.

Екiншi. Халықпен тиiмдi керi байланыс орнату.

Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттiк органдар қызметiнiң негiзгi басымдықтары саналады.

Президент Әкiмшiлiгiнде азаматтардан келiп түскен өтiнiштердi мемлекеттiк органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлiм құрылды.

Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергiлiктi органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгiнуге мәжбүр болады.

Белгiлi бiр саладағы шешiмдердiң әдiлетсiздiгiне қатысты жолданатын көптеген шағымдар нақты мемлекеттiк органда немесе аймақта күрделi түйткiлдер бар екенiн көрсетедi. Ендi бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиiстi шешiмдер қабылдаған жөн.

Мемлекеттiк қызметшiлер жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет. Сонымен бiрге 2020 жылдан бастап бiз мемлекеттiк қызметшiлердiң санын бiртiндеп қысқартуға кiрiсiп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлердi ынталандыруға жұмсаймыз.

2024 жылға қарай мемлекеттiк қызметшiлердiң және ұлттық компаниялар қызметкерлерiнiң санын 25 пайызға қысқарту қажет.

Үшiншi. Митингтер туралы заңнаманы жетiлдiру.

Конституцияға сәйкес азаматтарымыздың өз ойын еркiн айтуға құқығы бар. 

Егер бейбiт акциялар заңның шеңберiнен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсiнiстiкпен қарап, жиындарды өткiзу үшiн арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетiнде болмауы тиiс.

Алайда, заңға қайшы және бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберiнде тосқауыл қойылады.

Төртiншi. Қоғамдық келiсiмдi нығайту.

Әлеуметтiк және этникалық топтар арасындағы келiсiм – бүкiл қоғамның бiрлескен еңбегiнiң нәтижесi.

Осыған орай, саяси үрдiстердi саралап, бiрлiгiмiздi нығайта түсу үшiн нақты шаралар қабылдау керек.

Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретiндегi рөлiн бекемдеп, этносаралық татулық пен дiнаралық түсiнiстiктi қалыптастыра беруiмiз қажет.

Бiздiң ұстанымымыз: «Ел бiрлiгi — оның әралуандығында!».

Елiмiздегi этникалық топтардың тiлi мен мәдениетiн дамытуға жағдай жасай беремiз.

Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiндегi рөлi күшейiп, ұлтаралық қатынас тiлiне айналатын кезеңiкеледi деп есептеймiн.

Бiрақ мұндай дәрежеге жету үшiн бәрiмiз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргiзуiмiз керек.

Сондай-ақ, тiл үлкен саясаттың құралы екенiн де ұмытпаған жөн.

Белсендi азаматтық қоғам құру үшiн үкiметтiк емес ұйымдардың беделiн арттыру қажет деп санаймын.

Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейiнгi тұжырымдамасынәзiрлеп, қабылдауымыз керек.

Келер жылы аталып өтетiн  маңызды мерейтойлар мен елеулi оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды.

Ендiгi жылы бәрiмiз Әл-Фарабидiң  1 150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтемiз.

Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерiн халық арасында дәрiптеуiмiз керек.

Сондай-ақ, ең маңызды мерекеге –  Тәуелсiздiктiң 30 жылдығына байланысты тиiстi iс-шараларды iске асыруымыз қажет.

Ел өмiрiндегi осындай елеулi оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемiн.

II. Азаматтардың құқықтары мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.

Сот және құқық қорғау жүйесiндегi күрделi реформалар — азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауiпсiздiгiн күшейтудiң негiзгi факторы.

Сот шешiмдерiнiң сапасын арттыру үшiн бiрқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет.

Судьялардың заңды және iшкi сенiмдi басшылыққа алып, шешiм шығару құқығы мызғымас сипатқа ие.

Дегенмен, сот шешiмдерiн мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бiрыңғай сот тәжiрибесiн орнықтыру қажет.

Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билiк органдарының шешiмдерi мен әрекеттерiне қатысты шағым түсiру кезiнде көп жағдайда теңсiздiк ахуалында қалып жатады.

Олардың мүмкiндiктерiн мемлекеттiк аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейдi.

Сондықтан осындай теңсiздiктердi болдырмау мақсатында дауларды шешудiң ерекше тетiгi ретiнде әкiмшiлiк әдiлет құрылымын енгiзу қажет.

Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы.

Аталған дәлелдемелердi жинақтау мiндетi жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттiк органға жүктелетiн болады.

Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерiн ескере отырып, түсiндiрiлуi тиiс.

Келесi бiр маңызды мәселеге тоқталайын.  

Бiз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелiгiнiң қатаң жазалау тәжiрибесiнен бас тарттық. Алайда, елiмiзде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр.

Бiз заңнамамызды iзгiлендiру iсiне көбiрек мән берiп, азаматтардың негiзгi құқықтарын назардан тыс қалдырдық.  

Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есiрткi тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсiресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселенi шешудi Парламентке және Үкiметке тапсырамын.

Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бiр түрi – браконьерлiк проблемасының бетпердесiн ашты.

Бүгiнде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерiнiң жазалана қоймайтынына сенiмдi. Биылдың өзiнде жануарлар әлемiн қорғап жүрген екi инспектор браконьерлердiң қолынан қаза тапты.

Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлiнде браконьерлердiң қылмыстық тобы ұсталды.

Бұл тек бiр ғана мысал, алайда браконьерлiктiң тамыры тереңге жайылған, соның iшiнде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз — табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтiруде.

Үкiметке екi ай iшiнде тиiстi заңнаманы қатайту үшiн шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.

Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесi күн тәртiбiнен түскен жоқ.

Орталық және жергiлiктi органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргiзу  iсiн қайта қалпына келтiру қажет.

Бұған сарапшылар мен қоғам өкiлдерi де атсалысуы тиiс.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменiң бiрiншi басшысының жауапкершiлiгiнзаңнамалық және нормативтiк тұрғыдан нақты белгiлеу керек.

Сондай-ақ, заңсыз және арандатушылық әрекеттерге барғаны үшiн сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл органдарының қызметкерлерiн қатаң жазалау керек. Ондай қызметкерлерге тергеу саласында орын жоқ.   

Кiнәсiздiк презумпциясы қағидаты толық көлемде сақталуы тиiс.

Құқық қорғау жүйесiн толық реформалау – аса маңызды мiндеттердiң бiрi.

Полицияның мемлекеттiк күштiк құрылымындағы бейнесi бiрте-бiрте өзгерiп, қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн азаматтарға қызмет көрсететiн органға айналады.

Ең алдымен, 2020 жылдың аяғына дейiн Әкiмшiлiк полиция комитетiнiң жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргiзген жөн.

Полицейлер жұмысының тиiмдiлiгi полиция қызметiнiң беделдi болуына байланысты.

Iшкi iстер министрлiгiн реформалауға алдағы үш жыл iшiнде 173 миллиард теңге бөлiнедi.

Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-офистерiн ашуға жұмсалады.

Азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендiк сипаттағы апаттардан қорғау мәселесiне баса мән берiледi.

Өкiнiшке қарай, мұндай апаттар бiздiң елiмiзде ғана емес, бүкiл әлемде жиiлеп кеттi.

Бұл салада кәсiби мамандар жұмыс iстеуi керек.

Үкiметке азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерiнiң еңбекақысын Iшкi iстер органдарын реформалау үшiн берiлетiн қаражат есебiнен көбейтудi және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.

Бiздiң алдымызда жаңа тұжырымдама негiзiнде тегеурiндi әскер қалыптастыру мiндетi тұр.

Арыста болған оқиғалар Қарулы Күштерде түйткiлдi мәселелер қордаланып қалғанын көрсеттi.

Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесiн және жалпы тәртiптi нығайтатын кез келдi.

Сонымен бiрге әскери қызметтiң беделiн арттырып, Қарулы Күштердiң материалдық базасын нығайту қажет.

Отанына адал, кәсiби тұрғыдан дайындалған офицерлерi мен әскери қызметшiлерi бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауiпсiздiгiне қауiп төндiретiн қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керек.

III. Қарқынды дамыған және инклюзивтi экономика.

Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға iлгерiлеп келедi.

Жыл басынан берi оның өсiмi орташа әлемдiк көрсеткiштен жоғары болды.  

Егер қажеттi құрылымдық өзгерiстердi жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай iшкi жалпы өнiмнiң жыл сайынғы тұрақты өсiмiн 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткiзуге болады.

Экономиканың дамуына тың серпiн беру үшiн Үкiмет пен Президент Әкiмшiлiгi отандық және шетелдiк сарапшылардың барлық жұмыстарын мұқият саралауы қажет.   

Елбасы ұсынған 2050 жылға дейiнгi ұзақ мерзiмдi даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бiрқатар құрылымдық мiндеттердi iске асыруымыз керек.

Бiрiншi. Шикiзатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру.    

«Бiлiм экономикасы», еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллектi жаһандық дамудың негiзгi факторларына айналды. 

Индустрияландырудың үшiншi бесжылдығын жүргiзу барысында жiберiлген барлық қателiктердi, олқылықтарды ескеруiмiз керек.

Бұл мәселелер бойынша менiң барлық тапсырмаларымды, ескертпелерiмдi Үкiмет толық орындауғамiндеттi.

Еңбек өнiмдiлiгiнiң нақты өсiмiн кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек.

Елiмiздi өңiрдегi көшбасшы ретiнде танытып, Орталық Азиядағы беделiмiздi арттыру – стратегиялық мiндет.

Бұл — Елбасы айқындаған саяси бағыт-бағдарымыз.

Екiншi. Квазимемлекеттiк сектордың қайтарымын арттыру.

Бiздiң мемлекеттiк компаниялар iрi конгломераттарға айналды. Бiрақ олардың халықаралық бәсекеге қабiлеттiлiгi күмән тудырады.

Мемлекеттiң экономикаға орынсыз араласуын азайту мақсатымен квазимемлекеттiк компаниялар құруға мораторий енгiзу жөнiнде шешiм қабылдадым. 

Бiз Ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл iшiнде халықтың әл-ауқатын арттыруға Қордың нақты қандай үлес қосқанын бiлуiмiз керек.

Үкiмет Есеп комитетiмен бiрлесiп, үш айдың iшiнде мемлекеттiк холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиiмдiлiгiн анықтау үшiн талдау жүргiзуi тиiс.

Квазимемлекеттiк компаниялар көп жағдайда өзара бәсекеге түседi.

Тұрғын үй саясаты саласында бiр мезетте 7 мемлекеттiк оператор жұмыс iстейдi. Бұл тек орталық деңгейдегi ахуал! 

Мемлекеттiк компаниялардың санын қысқартуға болады және солай ету керек.

Бiрақ, стратегиялық секторларда жұмыс iстейтiн мемлекеттiк компаниялардың қызметiне мұқият болған жөн.

Ондай компаниялар мемлекет бақылауында болуы тиiс.

Әйтпесе, мемлекеттiк монополистердiң орнына жеке монополистер пайда болып, соның салдарынан зардап шегуiмiз мүмкiн.  

Үкiмет баға белгiлеу және тарифтер мәселесiмен жүйелi әрi нақты айналысуы керек.

Бұл табиғи монополистердiң тауарларына да, көрсететiн қызметтерiне де қатысты.

Елiмiзде азық-түлiк пен киiм-кешектен бастап, түрлi қызметтерге дейiн бағаның жоғары екенi жасырын емес.   

Мысалы, сұранысы жоғары бағдарлар бойынша негiзгi әуе тасымалдаушы белгiлейтiн билеттердiң құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық. Бiздiң әуежайда көрсетiлетiн қызметтер құнының салыстырмалы түрде жоғары болуын қалай түсiндiруге болады?

Қазақстан әуежайларында жанармай шетелдiк тасымалдаушылар үшiн қымбат бағаға, ал отандық тасымалдаушыларға арзанға сатылатыны нелiктен?

Соның салдарынан Қазақстанның авиация саласы халықаралық бәсекеге қабiлеттiлiгiнен айырылып, транзиттiк әлеуетiмiз төмендеп кеттi.

Тиiстi министрлiк пен ведомстволардың салғырттығына байланысты темiр жол билеттерiнiң тапшылығы қолдан жасалып отыр.

Бұл салаларда тез арада тәртiп орнату керек.  

Бiздiң мақсатымыз — мемлекеттiң тұрақтандырушы рөлiн сақтай отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз ету.  

Осы ретте, «қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл — бiздiң жұмысымыздың басым бағыты.

Үшiншi. Тиiмдi шағын және орта бизнес — қала мен ауылды дамытудың берiк негiзi.

Шағын, әсiресе, микробизнес елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық және саяси өмiрiнде маңызды рөл атқарады.

Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс бередi, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергiлiктi бюджеттi нығайтады.

Сондай-ақ, жаппай кәсiпкерлiктi дамыту санаға сiңген патерналистiк пиғыл мен масылдықтанарылуға мүмкiндiк бередi.

Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете бередi.

Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлiндi.

Бiрақ сарапшылардың пiкiрiнше, қаржылай қолдаудың игiлiгiн жергiлiктi билiкпен байланысы баршаруашылықтар ғана көрiп отыр. 

Шын мәнiсiнде, жаңа жобалар бойынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек едi.

Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тiкелей байланысты.

Бiрақ, жергiлiктi әкiмдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған.

Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерiн арттырып, жергiлiктi бюджеттi нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ.

Осыған орай, Есеп комитетiне және Қаржы министрлiгiне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Елiмiзде кәсiпкерлiктi дамытудың үлгi боларлық мысалдары жеткiлiктi. Бiз шағын кәсiпкерлiктi бүкiл қоғам болып қолдауымыз керек.

Үкiметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшiн заңнамалық база әзiрлеудi тапсырамын.

Заңнамаға енгiзiлетiн тиiстi түзетулер 2020 жылдан бастап күшiне енуi керек.

2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектiлерiне тексерiс жүргiзуге үш жылға тыйым салу туралы шешiмiм күшiне енедi.

Бiз бизнестiң адал әрi заңға сәйкес жүргiзiлетiнiне сенемiз. Бизнес өкiлдерi тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиiс.

Мораторий кезеңiнде өзiн-өзi реттеу, қоғамдық бақылау тетiктерiн жандандыру керек.

Бизнес өкiлдерi санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелердi бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелерi жауапкершiлiкке тартылады.

Осылайша, шағын бизнеске түсетiн ауыртпалықты азайтамыз.

Сонымен қатар бизнес өкiлдерi құқық қорғау және тексерушi органдардың iс-әрекетiне байланысты көптеген қиындыққа тап болуда. 

Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлiк әрекеттер жиiлеп кеттi.   

Бұл мәселе жөнiндегi ұстанымым  белгiлi: бизнестiң, әсiресе шағын және орта бизнестiң дамуына кедергi келтiретiн әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиiс.

Осыған орай заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау қажет. Парламент пен Үкiмет осы мәселенi шешу жолдарын ұсынуы керек.

Сонымен қатар көлеңкелi экономикаға қарсы iс-қимылды күшейтiп, капиталды сыртқа шығаруға, салық төлеуден жалтаруға қарсы күрестi жандандыру қажет. 

Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесiн жаңа жобаларғабасымдық бере отырып, қайта құру қажет.

Үкiметке «Бизнестiң жаңа жол картасы»  аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл iшiнде қосымша 250 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.   

Әлеуметтiк бағыттарға — отбасы бизнесiн құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудiң жаңа тәсiлдерiн енгiзу керек.

Туризмдi, әсiресе экотуризм мен этнотуризмдi дамытуға экономиканың маңызды саласы ретiнде баса мән беру қажет.  

Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетiмiз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн.

Туризмдi дамыту үшiн қажеттi инфрақұрылым жүргiзудi, соның iшiнде жол салып, бiлiктi мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет. 

Төртiншi. Ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету. 

Өз өнiмiн экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттiк қолдау көрсетудiң тиiмдiлiгiн барынша арттыру керек.

Мен, ең алдымен, орта бизнес туралы айтып отырмын. 

Бiзде кәсiпкерлердiң осы тобына арналған нақты мемлекеттiк қолдау шаралары жоқ. Бұл, әсiресе, өнiмдi сату iсiне қатысты.

Үкiметке мемлекеттiк индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнiмдiлiгi жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудiң кешендi шараларын әзiрлеудi тапсырамын. Соның iшiнде салықтық, қаржылық, әкiмшiлiк ынталандыру мәселелерi көзделуi тиiс.

Шетелден тiкелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсiм резервi шектеулi болады. Бұл — атқарушы билiк басымдық беруi тиiс мiндеттердiң бiрi.

Қазақстанның 2025 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспары аясында әрбiр сала мен өңiр үшiн нақты мақсатты көрсеткiштер белгiленген.  

Мемлекеттiк органдар, әсiресе, өңiр әкiмдерi сол көрсеткiштерге қол жеткiзуге тiкелей жауапты болады.

Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр. 

Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек.

Бiздiң мiндетiмiз — ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейi бойынша өңiрдегi көшбасшылықты нығайту.

Үкiмет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейiмдеу қажет.

Қазақстан технологиялық серiктестiк орнату, мәлiмет орталықтарын құру және орналастыру, мәлiметтер транзитiн дамыту, цифрлық қызметтердiң жаһандық нарығына қатысу үшiн ашық юрисдикция ретiнде өзiндiк брендке айналуы тиiс.

Үкiмет «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметiне қолдау көрсете беруi керек. Бұл құрылым, шын мәнiнде, конституциялық мәртебеге ие болды. Халықаралық қаржы орталығының Назарбаев Университетiмен бiрлесiп, заманауи цифрлық технологияларды дамыту алаңы айналуына толық мүмкiндiгi бар.

Бесiншi. Дамыған агроөнеркәсiп кешенi.

Ауыл шаруашылығы — бiздiң негiзгi ресурсымыз, бiрақ оның әлеуетi толық пайдаланылмай отыр.

Ел iшiнде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнiм өндiру үшiн зор мүмкiндiктер бар.  

Бiз суармалы жер көлемiн кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейiн ұлғайтуымыз керек.  

Бұл ауыл шаруашылығы өнiмiнiң көлемiн 4,5 есе арттыруға мүмкiндiк бередi. 

Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрлiктерi фермерлерге өз өнiмiн сыртқа шығарып сату үшiн барынша қолдау көрсетуi тиiс.

Осыған орай Үкiметке тиiстi тапсырма берiлдi. Бұл — маңызды мiндет.

Ауыл шаруашылығы өнiмiн экспорттау iсiнде шикiзатқа негiзделуден бас тарту керек.

Өнiм өңдейтiн кәсiпорындар әлеуетiнiң 40 пайызы ғана пайдаланылып отырғанына қарамастан, оның көлемi 70 пайызға жеттi.

Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту — маңызды мiндет. Келiссөздер жүргiзiлiп жатыр. Үкiмет нақты нәтижеге қол жеткiзуi керек.    

Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесiне арнайы тоқталғым келедi.

Мемлекет басшысы ретiнде тағы да мәлiмдеймiн: жерiмiз шетелдiктерге сатылмайды. Оған  жол берiлмейдi.

Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бiрақ жердi тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету — бiздiң мiндетiмiз.

Жер ресурстарын тиiмсiз пайдалану мәселесi өте өзектi болып отыр.

Жерге салынатын тiкелей салықтар деңгейiнiң төмендiгi жағдайды күрделендiре түстi.

Мемлекеттен жердi тегiн жалға алу құқығына ие болғандардың көпшiлiгi жердi игермей, босқа ұстап отыр.

Елiмiзде «шөп қорыған иттiң» кебiн киген «латифундистер» көбейiп кеттi.

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерiн қайтарып алатын кез келдi. Жер — бiздiң ортақ байлығымыз және оны кiм игерсе, соған тиесiлi болуы тиiс.

Үкiмет пен Парламент осы түйткiлдi реттеудiң тиiмдi жолдарын ұсынуы керек.

Бұл — өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсiп кешенiнiң сапалы дамуы мүмкiн емес.

Бүгiнде ет өндiрiсiн ұлғайту мәселесi аналық мал басының проблемасына тiрелiп тұрған жоқ, керiсiнше фермерлерге жем-шөп дайындайтын жерлердiң жетiспеушiлiгiне байланысты болып отыр.

Жем-шөппен қамтамасыз ету көрсеткiшi 60 пайыздан төмен.

Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылығының өнiмдiлiгiн арттыру мүмкiн емес.

Бiз Елбасының «Ауыл — Ел Бесiгi» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз.

Бiз шағын елдi мекендердi дамытуға қатысты өте күрделi мәселенi шешуiмiз қажет.

Өңiрлiк стандарттар әзiрлендi. Ендi оларды үш мыңнан астам негiзгi және қанаттас ауылдық елдi мекендерге енгiзу қажет.

Үкiметке «Ауыл — Ел Бесiгi» жобасын жүзеге асыру үшiн биыл бөлiнген 30 миллиард теңгеге қосымшаалдағы үш жыл iшiнде 90 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.   

Бұл қаражат көлiк, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелердi шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады.

Қаржының жұмсалуы барлық мемлекеттiк органдардың қатаң бақылауында болуы тиiс.

Алтыншы. Әдiлеттi салық салу жүйесi және тиiмдi қаржылық реттеу.

Жалпы iшкi өнiм мен халық табысының артуына қарамастан, қоғамдағы мүлiктiк жiктелу үдерiсi сақталып отыр, тiптi күшейiп барады.

Бұл — алаңдатарлық фактор. Сондықтан оған ерекше назар аудару керек.   

Ұлттық табыстың әдiл бөлiнуiне баса мән бере отырып, салық жүйесiн жаңғырту қажет деп санаймын.

Үкiмет әлеуметтiк төлемдер көлемiнiң артып келе жатқанына да назар аударуы тиiс.

Бiр жағынан, бұл алымдар әлеуметтiк және зейнетақы жүйесiнiң тұрақтылығын қамтамасыз етедi. Бiрақ, жұмыс берушiлер жұмыс орындарын ашуға және еңбекақыны артыруға мүдделi болмай қала ма деген қауiп бар.

Көлеңкелi бизнес белең алады.

Сондықтан Үкiметке 5 пайыздық қосымша зейнетақы төлемiн енгiзу мәселесiн 2023 жылға дейiншегерудi тапсырамын. Кейiн бұл мәселеге қайта ораламыз.  

Осы уақыт iшiнде Үкiмет, бизнес өкiлдерi мен сарапшылар мәселенi шешудiң жолдарын қарастырып, болашақ зейнеткерлердiң де, жұмыс берушiлердiң де мүдделерiн ескере отырып, ортақ шешiмге келуi тиiс.

Үкiмет Салық кодексiнде қарастырылмаған барлық төлемдерге тыйым салуы қажет. Бұл, шын мәнiсiнде, қосымша салықтар.

Қазiргi салық жүйесiнiң сапасын арттыру – өз алдына бөлек мәселе.

Мұндай жағдай компанияларды өз инвестициясын адами капиталға, еңбек өнiмдiлiгiн арттыруға, техникалық тұрғыдан қайта жабдықтауға, экспортқа салуға ынталандыруы тиiс.

Қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесiн жаппай енгiзу керек. Бұл үшiн тежеушi фактордың бiрi саналатын банктердiң жоғары үстеме алымын жою қажет. Сондай-ақ, тиiстi реттеу ережелерiне сәйкес банктiк емес төлем жүйесiн белсендi дамыту керек. Бұл сегмент қарапайым әрi тартымды болғанымен, ақша жымқырудың және елiмiзден капитал шығарудың көзiне айналмауы тиiс.

Ұлттық банк осы салаға нақты бақылау орнатуы қажет.

Келесi мәселе. Шикiзаттық емес өнiмнiң экспортына қолдау көрсету үшiн қосымша құн салығын қайтарудың қарапайым әрi жылдам тәртiбiн қолдану мәселесiн қарастыру керек.

Экономикамыздың өте түйткiлдi мәселелерiнiң бiрi – кредит беру көлемiнiң жеткiлiксiздiгi. Соңғы бес жыл iшiнде заңды тұлғаларға, сондай-ақ шағын және орта бизнеске берiлген кредиттiң жалпы көлемi 13 пайыздан аса қысқарған.

Екiншi деңгейдегi банктер қарыз алушылар iшiнде сенiмдiлерiнiң аз екенiн сылтауратып, кредит қаражатының құнын шамадан тыс арттырып жiбередi.

Әрине, қарыз алушылардың сапасына қатысты мәселе бар. Бiрақ, жауапкершiлiктi басқаға артып, тек қана жеңiлдiң астымен жүруге болмайды.

Мен бұл мәселеге қатысты Үкiмет пен Ұлттық банк үйлесiмдi әрi тиiмдi жұмыс жүргiзедi деп ойлаймын.

Тағы бiр мәселе — халықтың, әсiресе әлеуметтiк тұрғыдан әлсiз топтардың тым көп несие алуы. Мұның өзi шұғыл шаралар қабылдауға алып келдi. Сiздер бұл жөнiнде бiлесiздер.

Бұл мәселе әлеуметтiк және саяси түйткiлдерге ұласты.

Сондықтан, Үкiмет пен Ұлттық банкке екi ай iшiнде мұндай жағдайдың қайталанбауына кепiлдiк беретiн тетiктердi енгiзу үшiн дайындық жүргiзудi тапсырамын.

Ақша-кредит саясаты тиiмдiлiгiнiң жеткiлiксiздiгi елiмiздiң экономикалық дамуын тежейтiн себептiң бiрi болып отыр.

Екiншi деңгейдегi банктердiң бизнеске кредит беру iсiнiң қолайлы әрi ұзақ мерзiмдi болуын қамтамасыз ету керек.

Жыл соңына дейiн Ұлттық банк екiншi деңгейдегi банктердiң активтерiнiң сапасына тәуелсiз бағалау жүргiзу жұмысын аяқтауы қажет.

Жетiншi. Ұлттық қорды тиiмдi пайдалану мәселесi.

Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелердi шешуге жұмсалуын қысқарту қажет.   

Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы.

Ұлттық қордың трансферттерi бәсекеге қабiлеттi экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшiн ғана бөлiнуi керек.

Кепiлдендiрiлген трансферт көлемi 2022 жылдан бастап бiрте-бiрте 2 триллион теңгеге дейiн азаюы тиiс. 

Қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиiмдi инвестициялық саясатын жүргiзген жөн.

Үкiметке Ұлттық Банкпен бiрлесiп, жыл соңына дейiн Ұлттық қордың қаржысына иелiк етудi жетiлдiру үшiн нақты ұсыныстар әзiрлеудi тапсырамын.

Сегiзiншi. Еңбекақы төлеу деңгейiн арттыру.

Кен өндiру саласындағы iрi кәсiпорындардың табысы артқанмен азаматтарымыздың жалақысыайтарлықтай өспегенiн көрiп отырмыз. 

Халықтың әлеуметтiк жағдайы туралы айтылып отырғандықтан, Үкiмет бұл мәселеде табандылық танытуы керек.

Үкiметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшiн жұмыс берушiлердi ынталандыру мәселесiн пысықтауды тапсырамын. 

IV. Әлеуметтiк жаңғырудың жаңа кезеңi.

Елiмiздiң бюджетi екi негiзгi мақсатқа бағытталуы тиiс — экономиканы дамыту және әлеуметтiк мәселелердi шешу.

Әлеуметтiк салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек.

Бiрiншi. Бiлiм беру сапасын жақсарту.

Бiздiң елiмiзде еңбек ресурстарының балансын  есепке алудың тиiмдi әдiстемесi әлi күнге дейiн әзiрленген жоқ.

Шын мәнiнде, мамандар даярлаудың отандық жүйесi нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегi кәсiби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.

Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негiзiн құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистiк ағымдардың ықпалына түсуде.

Бiз оқушылардың қабiлетiн айқындап,  кәсiби бағыт-бағдар беру саясатына көшуiмiз қажет.

Бұл саясат орта бiлiм берудiң ұлттық стандартының негiзi болуы тиiс.

Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бiрақ мүмкiндiктер аз. Кәсiпорындар тиiстi мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсiз жағдайды жедел түзетуiмiз керек.

Қала мен ауыл мектептерi арасындағы орта бiлiм сапасы алшақтап барады.

Негiзгi мәселе — ауылдық жерлердегi бiлiктi педагог кадрлардың тапшылығы. 

Сондықтан, «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтiп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкiметке келесi жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткiзудi тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын iрiктеп, отандық және шетелдiк жоғары оқу орындарына дайындау керек.

Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшiн Үкiметке Дарынды баланың қабiлетiн дамытудың жол картасын әзiрлеудi тапсырамын.

Үкiмет пен әкiмдер осындай балалардың үйiрмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшiн мүмкiндiк жасауы керек. 

Ендi жоғары бiлiмнiң сапасына жеке тоқталғым келедi.

Өз түлектерiн жұмыспен қамту жағынан елiмiздегi жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткiзiп отыр.

Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесiн қарау керек.

Терең бiлiм берудiң орнына диплом сатумен айналысқан университеттерiмiз бар екенi де жасырын емес.

Бiрiншi кезекте соларға тыйым салу арқылы бiз оқу орындарындағы бiлiм беру сапасын арттыруға күш саламыз.

Бiлiм саласына қатысты тағы бiр мәселе – қаржыландырудың бiркелкi болмауы және өңiрлiк басқарудың қазiргi жүйесiнiң тиiмсiздiгi.        

Бiлiм бөлiмдерiн басқару және бюджет қаржысын әкiмшiлендiру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек.   

Бiлiм берудiң барлық деңгейiнде дербес қаржыландыру тәртiбiн енгiзу қажет.

Тағы бiр өзектi мәселе. Бұл – оқулық сапасының төмендiгi.

Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету ­– тиiстi министрлiктiң тiкелей мiндетi.

Мұғалiмдер мен оқытушылардың әлеуметтiк жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. 

Сондықтан, мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл iшiнде мұғалiмдердiң еңбек ақысын екi есе арттыруды тапсырдым. Бұл — келесi жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседi деген сөз.

Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етедi. Бiз ғылымсыз елiмiздiң дамуын қамтамасыз ете алмаймыз.

Отандық ғылым жүйесi қаншалықты сапалы әрi тиiмдi? Бұл  – басқа мәселе.

Үкiмет аталған мәселенi ғылыми зерттеулердiң деңгейiн көтеру және оларды тәжiрибеде қолдану тұрғысынан қарастырғаны жөн.

Екiншi. Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивтi қоғам құру.

Бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы iс-қимыл мәселесiне басымдық беруiмiз қажет.

Жасөспiрiмдер арасында көбейiп кеткен суицид мәселесiмен мақсатты түрде айналысу керек.

Бiз зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнiнде толыққанды бағдарлама әзiрлеуiмiз қажет.

Қамқорлығында мүмкiндiгi шектеулi балалары бар отбасыларға ерекше көңiл бөлiнуi тиiс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектiгiне байланысты есепте тұр.

Үкiмет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтiк қолдау көрсетудi жақсарту үшiн шаралар қабылдауы керек.

Балаларға қолжетiмдi болуы үшiн шағын және орташа оңалту орталықтарының желiсiн кеңейту қажет.

Бiз ерекше қажеттiлiктерi бар адамдар үшiн бiрдей мүмкiндiк жасауға мiндеттiмiз.

Мен бұл туралы өзiмнiң сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкiметке ендi осы мақсатқа үш жыл iшiнде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлудi тапсырамын.

Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесi айрықша назар аударуды талап етедi.

Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды.

Спорт инфрақұрылымының балалар үшiн барынша қолжетiмдi болуын қамтамасыз ету керек.

Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету iсi жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиiс. Бұл салауатты әрi белсендi жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негiзiн қалыптастарды.

Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұқаралық спортты дамыту жөнiндегi кешендi жоспар қабылдау қажет.  

2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Ерiктiлер қызметiне азаматтардың, әсiресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсендi өмiрлiк ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру — маңызды мiндет.

Бұл — азаматтық қоғамды нығайту жөнiндегi жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлiгi.

Үшiншi. Медициналық қызмет көрсетудiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету.

Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсiресе, ана мен сәби өлiмiне қатыстыкөрсеткiштердiң өңiрлiк теңгерiмсiздiгi айқын көрiнедi.

Дегенмен, бұл көрсеткiш төмендеп келедi. Бiрақ әлi де жоғары, сондай-ақ  дамыған елдердiң деңгейiнен айтарлықтай көп.

Үкiмет әр өңiр бойынша медицинадағы нақты дерттер топтамасы жөнiнде басымдықтар тiзiмiн жасап, соның негiзiнде бюджеттен қаржы бөлуi қажет.  

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесi iске қосылады.

Әрқайсысыңызға мына нәрсенi айтқым келедi: мемлекет тегiн медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн сақтайды. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл iшiнде 2,8 триллионнан астам теңге бөлiнедi.

Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн жақсартуға бағытталған.

Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесiн дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлiнедi.

Үкiмет әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiнiң беделiне тағы да нұқсан келтiрмеу үшiн оны жүзеге асыру мәселесiне зор жауапкершiлiкпен қарауы қажет.

Бiздiң қателесуге құқымыз жоқ.

Төртiншi. Мәдениет қызметкерлерiн қолдау.

Бiз мәдениет саласында жұмыс iстейтiн азаматтарға жеткiлiктi түрде көңiл бөлмей отырмыз.

Бұл — ең алдымен, кiтапхана, музей, театр қызметкерлерiне қатысты мәселе.

Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.

Соның салдарынан мәдениет қызметкерлерi, әсiресе жас мамандар жеңiлдiгi бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.

Мұндай ахуал осы кәсiптiң беделiн түсiрiп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезiлуде.

Келесi жылдан бастап Үкiмет мәдениет қызметкерлерiнiң еңбекақысын көбейтуi тиiс.

Сондай-ақ, бiлiм беру және денсаулық сақтау салаларындағы мiндеттi әлеуметтiк жеңiлдiктер мәдениет саласының өкiлдерiне де берiлуi керек.

Бесiншi. Әлеуметтiк көмек көрсету жүйесiн одан әрi дамыту.

Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдауда.

Алайда, бiрқатар шешiмдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. 

Нәтижесiнде бұл патерналистiк пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтiк көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамғаартқан.

Әлеуметтiк көмекке бюджеттен бөлiнетiн қаражат көлемi 2017 жылдан берi 17 есе көбейдi және одан да арта түстi.

Басқаша айтқанда, жұмыс iстегiсi келмейтiн адамдар немесе әлеуметтiк көмек алу үшiн өздерiнiң табысын жасыратындар көбейдi. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтiк көмек алатыны туралы деректер бұған дейiн бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын.

Тағы да атап өтемiн. Конституция бойынша бiздiң елiмiз — әлеуметтiк мемлекет. Сондықтан мемлекетiмiз азаматтар алдындағы мiндеттерiн орындауы тиiс.

Үкiмет өз жұмысында осы қағидатты басшылыққа алуға мiндеттi. Ал, резервтердi тиiмсiз шығындарды азайту және табысты арттыру есебiнен қалыптастыру қажет.

Мұндай резервтердiң бар екенi сөзсiз. Қаржы министрлiгi табысты арттыру үшiн жұмыс жүргiзуде. Алайда, қосымша күш жұмсау керек. Мәселен, кеден iсiне қатысты.

Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесiнiң отырысында мемлекеттiк сатып алулар үдерiсiн ретке келтiру мәселесiне ерекше мән бердi. Қаржы министрлiгi мемлекеттiк сатып алуды оңтайландырумен айналысып жатыр, бiрақ заңнамалық сипаттағы шаралар қажет.

Мемлекеттiк сатып алудың әлеуетi зор (кейбiр есептеулер бойынша, жылына 400 миллиард теңгеге дейiн жетедi). Бұл қаржыны өзектi әлеуметтiк мәселелердi шешуге жұмсауға болады.

2018 жылы мемлекеттiк сатып алу көлемi 4,4 триллион теңгенi құрады, соның 3,3 триллион теңгесiнемесе 75 пайызы бәсекеден тыс тәсiлмен бiр көзден алу арқылы жұмсалған.  

Шенеунiктер мен түрлi делдалдарды пайдаға кенелтiп отырған бұл табыс көзiн жабатын кез келдi.

Атаулы әлеуметтiк көмекке қайта оралайық. Үкiмет оны бөлу тәртiбiн реттеуi керек. Бұл жүйе ашық әрi әдiлеттi болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиiс. Көмек, негiзiнен, жұмыс iстейтiндерге берiлуi тиiс.

Сонымен бiрге, аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету керек. Олар үшiн кепiлдендiрiлген әлеуметтiк көмектi енгiзу қажет. Бұл дегенiмiз — мектеп жасына дейiнгi балаларға үнемi қолдау көрсету, барлық оқушыға тегiн ыстық тамақ беру, оларды оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету, медициналық, соның iшiнде стоматологиялық көмек алу және қоғамдық көлiктерде жүру шығындарын өтеу.

Осыған қатысты шешiмдердiң барлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енуi тиiс.

Үкiмет «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасымен бiрлесiп бiр ай iшiнде көп балалы аналарды микро- және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның iшiнде үй жағдайында кәсiппен айналысатындарды да қамтитын арнайы бағдарлама әзiрлеуi қажет.

Алтыншы. Елiмiздiң зейнетақы жүйесiн дамыту саласына ерекше тоқталғым келедi. Мұнда да қордаланып қалған мәселелер жеткiлiктi.

Қазiргi кезде зейнетақы жинағының жетiспеушiлiгi онша сезiлмейдi. Алайда, 10 жылдан кейiн жағдай өзгеруi мүмкiн. Жұмыс iстеп, зейнетақы қорын толықтырып жатқан азаматтар саны азаяды. Ал, зейнеткерлер саны арта түседi.

Бұл ретте, зейнетақы активiнен түсетiн инвестициялық табыс пен жинақ деңгейi төмен болып қала бермек.

Сондықтан Үкiмет Ұлттық банкпен бiрлесiп, зейнетақы жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру үшiн нақты жұмыс жүргiзуi керек.

Қазiр жұмыс iстеп жүрген адам өзiнiң зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады.

Бiрақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейiн пайдаланғысы келетiнi түсiнiктi жағдай.

Жұмыс iстейтiн азаматтар өздерiнiң зейнетақы жинағының бiр бөлiгiн белгiлi бiр мақсатқа, соның iшiнде баспана сатып алуға немесе бiлiм алу үшiн пайдалану мәселесiн жыл соңына дейiн пысықтауды Үкiметке тапсырамын.

Шығындарды оңтайландыру және активтердi инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатымен Үкiметке ортақ әлеуметтiк қор құру және бiрыңғай әлеуметтiк төлем енгiзу арқылы әлеуметтiк қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесiн жұмылдыру мәселесiн пысықтауды тапсырамын.

V. Қуатты өңiрлер — қуатты ел.

Бұл бағытта мынадай мiндеттерге баса мән беру керек.

Бiрiншi. Жергiлiктi билiк органдары жұмысының тиiмдiлiгiн арттыру.

Жергiлiктi билiк тұрғындар үшiн әрдайым ашық болуы тиiс. Бұл аксиома әлi де бүгiнгi күннiң шындығына айналмай отыр.

Пилоттық жоба ретiнде тұрғындар тарапынан жергiлiктi билiк жұмысының тиiмдiлiгiн бағалау жүйесiненгiзу қажет деп санаймын.

Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесiнде тұрғындардың 30 пайызынан астамықала немесе ауыл әкiмiнiң жұмысын тиiмсiз деп есептесе, бұл Президент Әкiмшiлiгiнiң арнайы комиссия құрып, туындаған мәселенi зерттеуiне және тиiстi ұсыным енгiзуiне негiз бола алады.

Екiншi. Бюджетаралық қатынастар жүйесiн реформалау.

Бюджетаралық қатынастардың қазiргi жүйесi түрлi деңгейдегi әкiмдiктердi жергiлiктi дамудың негiзгi көздерiн, яғни шағын және орта бизнестi өркендетуге ынталандыра алмай отырғаны анық. Өңiрлер қосымша табыс көзiн iздестiруге құлықсыз.

Келесi жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетiн қосымша салық түсiмдерi өңiрлердiң құзыретiне берiлетiн болады.

Бiрақ бұл да жеткiлiксiз. Бюджет үдерiсiнiң барлық деңгейде ұйымдастырылуын қайта қарастыруқажеттiгi туындап отыр. Жергiлiктi  бюджеттi қалыптастыруға халықтың белсене атсалысуы бұл iсте үлкен рөл атқаруы тиiс.

Аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегi билiк жергiлiктi маңызы бар мiндеттердi шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлiнше дербес болуы тиiс. Олардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi заңнамалық актiлерде нақты белгiленуi керек.

Үшiншi. Басқарылатын урбанизация және бiрыңғай тұрғын үй саясаты.

Бұған дейiн қабылданған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесi туралы» заңдар өзiнiң тиiмдiлiгiн көрсеттi. Бiрақ, бүгiнде бұл заңдарды жетiлдiру қажет.

Ең iрi үш қала әкiмдiктерiнiң құзыретiн, соның iшiнде қала құрылысы саясаты, көлiк инфрақұрылымы, қала сәулетiн қалыптастыру саласындағы құзыреттерiн кеңейту керек.

Республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптiгi қазiргi кезде мақтанарлық жағдай емес, керiсiнше тұрғындардың әлеуметтiк-экономикалық қажеттiлiктерiн толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негiз болып отыр.

Iрi қалалардың тұрғындары көбейiп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар, жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар.

Үкiмет көшi-қон үдерiсiн басқару үшiн пәрмендi шаралар қабылдауы тиiс.

Мен сайлау алдындағы бағдарламамда бiрыңғай тұрғын үй саясатын әзiрлеу қажеттiгiн айтқан болатынмын.

Негiзгi қағидат — тұрғындар, әсiресе, әлеуметтiк тұрғыдан әлсiз топтар үшiн баспананың қолжетiмдiлiгiн арттыру.

Үкiмет жүйесiз бағдарламалар қабылдау тәжiрибесiн тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетiлдiрудiң бiрыңғай моделiн әзiрлеуi қажет.

Мәселен, бастапқыда әлеуметтiк мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгенi құрауы тиiс. Табысы аз адамдар  бұған қатыса алмай отыр.

Сондықтан биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңiлдетiлген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты Отбасы» бағдарламасы iске қосылды. Бұл — өте тиiмдi жеңiлдiк.

Жыл соңына дейiн бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етiледi. Бiрiншi кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады.

Үкiмет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгiлеп, оны қатаң әкiмшiлендiрудi қамтамасыз етуi керек. Шын мәнiнде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетiлуi тиiс.

Менiң Үкiметке тапсырмам — кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесiн үш жыл iшiнде шешу керек. Бүгiнде олардың саны 30 мыңға жуық.  

Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтiк жалға алу тәртiбiмен қоныстану үшiн мүмкiндiк беру қажет.

Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөледi.

Жеке бизнестi осы жұмыстарға тарту үшiн жаңа шаралар қабылдап, мемлекет-жекеменшiк әрiптестiк тетiктерiн жұмылдырған жөн.

Азаматтар әкiмдiк беретiн әлеуметтiк пәтерлерге кезекке тұру және оның жылжу үдерiсiнiң ашық болмай отырғанына наразы.

Үкiмет жыл соңына дейiн жалдамалы пәтерлерге, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңiлдетiлген баспана заемын алуға кезекте тұрғандарды есепке алудың ұлттық бiрыңғай жүйесiнқұруы керек.

Коммуналдық желiлердiң тозуы 65 пайыздан 57 пайызға төмендегенiне қарамастан, бұл көрсеткiш жоғары болып отыр.

Бұдан бөлек, көп пәтерлi 78 мың үйдiң 18 мыңнан астамы жөндеудi қажет етедi.

Өңiрлерге тұрғын үй қорын жаңғырту және жөндеу үшiн екi жыл iшiнде бюджеттiк несие түрiнде 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу керек.

Үкiметке осы тетiктi енгiзу мүмкiндiгiн қарастырып, қаражаттың тиiмдi игерiлуiн қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

2022 жылға қарай өңiрлердi дамыту бюджетi 800 миллиард теңгеден асып кетедi.

Әкiмдерге жергiлiктi мәслихаттармен бiрiгiп, осы қаражаттың жартысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту iсiн бiрлесе қаржыландыруға және өңiр тұрғындарының өзектi әлеуметтiк мәселелерiн шешуге  бағыттауды қамтамасыз етудi тапсырамын.

Төртiншi. Инфрақұрылымды дамыту.

Елiмiздiң әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлiк инфрақұрылымына қол жеткiзу деңгейi бiркелкi емес екенi белгiлi.

Осы теңсiздiктi жою үшiн жұмысты жандандыру қажет.

Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының магистралды желiсiнiң бiрiншi кезектегi құрылысы аяқталып келедi.

Келесi жылы Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстiк Қазақстан облыстарында тарату желiлерiн салу жұмыстары басталады.

Мемлекет осы мақсатқа сәйкес 56 миллиард теңге бөлiп отыр. Нәтижесiнде 2,7 миллионнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етiлетiн болады.

Алдағы үш жыл iшiнде тұрғындарды таза ауыз сумен және су жеткiзумен  қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлiнедi.

Атқарушы билiк органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы iске асыруға баса мән беруi керек.

Бұл — стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкiл көлiк инфрақұрылымы жаңғыртылады.

Осы мақсатқа орай, мемлекет 2022 жылға дейiн 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады.

Үкiмет бұған дейiн де көп қаражат бөлген болатын, бiрақ оның көбi құмға сiңген судай жоқ болып кеттi. Ашығын айтсақ, шенеунiктердiң қалтасына кеттi, ал таза су, жол және басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлi де сол күйiнде.

Бұл жолы Үкiмет пен Парламент Есеп комитетiмен бiрлесiп, бюджет қаражатын толығымен тиiмдi пайдалануды қамтамасыз етуi тиiс.

Үкiмет экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерiн пайдалануды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау iсiн дәрiптеу жұмыстарын жандандыруы керек. Осы орайда «Бiрге — Таза Қазақстан» науқаны — қолдауға тұрарлық жоба. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Парламент Экологиялық кодекстiң жаңа редакциясын талқылап, қабылдауы қажет.

Жалпы, Үкiмет алдағы кезеңде жұмыстың тиiмдiлiгiн арттыруы тиiс. Халық нақты нәтиже күтiп отыр.

Құрметтi отандастар!

Бiз елiмiздi реформалаудың жаңа кезеңiне қадам бастық. Осы маңызды мiндеттердi сапалы орындауымыз керек.

Елiмiздiң әрбiр тұрғыны оң өзгерiстi сезiнуi тиiс. 

Мен мемлекеттiк органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткiзудi талап етемiн.

Реформаны тек реформа үшiн жүргiзуге жол берiлмейдi.

Әрбiр министрде және әкiмде нәтижелi жұмыстың негiзгi көрсеткiштерiнiң тiзiмi болуы тиiс.

Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткiзу деңгейi анықталады. 

Үкiмет мүшелерiне, мемлекеттiк органдар мен өңiрлердiң, мемлекеттiк компаниялардың және мекемелердiң басшыларына тиiстi реформаның жүзеге асырылуы үшiн дербес жауапкершiлiк жүктеледi.

Осыған байланысты, жақында тиiстi Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегi ахуал, соның iшiнде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негiзiнде нақты бағаланатын болады.

Үкiметтiң әлеуметтiк және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қажеттiлiктерiне сәйкес алдын-ала нақты жұмыс жүргiзуi қажет. Бұл үшiн бақылау, талдау және болжау жүйесiн неғұрлым  күшейту керек.

Сондықтан депутаттарымыздың өтiнiшiне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнiнде тапсырма беремiн.

Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуi тиiс.

Қадiрлi қазақстандықтар!

Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бiзге белгiлi.

Осыған орай, ахуалды жақсарту үшiн iс-қимыл жоспары әзiрленiп жатыр. 

Бiзге зор жауапкершiлiк жүктелiп отыр.

Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбiр азаматқа зор сенiм артамын.

Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!

Мен бәрiңiздi мерейлi мекенiмiздi өркендетуге үлес қосуға шақырамын!

Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негiзi.

Ұлы Абай өзiнiң алтыншы қара сөзiнде «Бiрлiк — ақылға бiрлiк» дегенiн бiлесiздер.

Елбасымыздың «Ел бiрлiгi — ең асыл қасиет» деген қанатты сөзi — бiздiң айнымас қағидамыз.

Береке мен бiрлiк, ақыл мен парасат халқымызды үнемi алға бастап келедi.

Бағытымыз — айқын, жолымыз — ашық.

Бәрiмiз бiрге болсақ, елiмiз бұдан да зор жетiстiкке жетедi деп сенемiн!

Баршаңызға амандық, табыс тiлеймiн!

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуi: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру 

Құрметтi қазақстандықтар!

Бiз тәуелсiздiк жылдары көп жұмыс атқардық.

Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивтi мемлекет құрып, бейбiтшiлiк пен қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз еттiк.

Сапалы әрi тарихи маңызы зор құрылымдық, конституциялық және саяси реформалар жүргiздiк.  

Қазақстанның халықаралық беделiнiң артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлiнiң күшеюiне қол жеткiздiк.

Бiз өңiрлiк және жаһандық проблемаларды шешу iсiне зор жауапкершiлiкпен қарайтын жауапты әрi қалаулы халықаралық серiктес ретiнде танылдық.

Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдерi арасынан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесiн өткiзу үшiн әлемдiк қоғамдастық таңдап алған бiрiншi мемлекет болды. 

Бiз Еуразия өңiрiнiң қаржылық, iскерлiк, инновациялық және мәдени орталығы ретiнде қалыптасуын қамтамасыз етiп, жаңа елордамыз — Астананы салдық.

Халық саны 18 миллионнан асып, өмiр сүру ұзақтығы 72,5 жасқа жеттi.

Бiз берiк экономикалық негiз қалыптастырдық. 

Соңғы 20 жыл iшiнде елiмiзге 300 миллиард АҚШ доллары көлемiнде тiкелей шетел инвестициясы тартылды.

Экономиканы өркендетудiң негiзi саналатын шағын және орта бизнес нығайып келедi.

Дүниежүзiлiк Банктiң бизнес жүргiзу жеңiлдiгi рейтингiнде Қазақстан 190 елдiң iшiнде 36-шы орынға көтерiлдi.

Бiз әрдайым сыртқы сын-қатерлерге дер кезiнде назар аударып, оларға дайын бола бiлдiк.       

Соған байланысты, мен елiмiздi жаңғырту жөнiнде қажеттi бағдарламалық бастамалар жасадым.

Олардың жүзеге асырылуы табысты дамуымыздың негiзгi факторына айналды. 

Бiздiң стратегиялық мақсатымыз — 2050 жылға қарай әлемдегi озық дамыған 30 елдiң қатарына қосылу.

2014 жылы елiмiздiң инфрақұрылымын жаңартатын «Нұрлы жол» кешендi бағдарламасын iске асыруды бастадық.

Үш жыл бұрын «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын жарияладық.

Содан кейiн елiмiздiң Үшiншi жаңғыруына кiрiстiк.

Оның басты мiндетi — Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ететiн экономикалық өсiмнiң жаңа моделiн құру.

Елiмiздiң орнықты дамуы өмiр сүру деңгейiн одан әрi арттыруға деген зор сенiм ұялатады.

Бiз жаңа мiндеттердi атқаруға дайынбыз.

Құрметтi отандастар!

Соңғы кездерi әлемдiк саяси және экономикалық трансформация үдерiстерi күшейе түстi.

Әлем қарқынды түрде өзгерiп келедi.

Мызғымастай көрiнген жаһандық қауiпсiздiк жүйесiнiң тұғыры мен халықаралық сауда ережелерi бұзылуда.

Жаңа технологиялар, роботтандыру мен автоматтандыру еңбек ресурстарына және адам капиталының сапасына қатысты талаптарды күрделендiруде.

Қаржы жүйелерiнiң мүлде жаңа архитектурасы түзiлуде.

Бұл орайда қор нарықтары кезектi қаржы дағдарысына алып келуi мүмкiн жаңа «сабын көбiгiн» үрлеуде.

Бүгiнде жаһандық және жергiлiктi проблемалар тоғыса түсуде.

Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудiң және мемлекеттiң табысқа жетуiнiң кепiлi елдiң басты байлығы — адамның даму мәселесi болып отыр. 

Үкiмет, әрбiр мемлекеттiк органның, мемлекеттiк компанияның басшысы жұмыс тәсiлдерiн өзгертуi қажет.

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуi  басты басымдыққа айналуға тиiс. 

Мен лауазымды тұлғаның жеке тиiмдiлiгiн және қызметке лайықтылығын дәл осы өлшемге сәйкес бағалайтын боламын.

* * *

Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсiмi мен тұрмыс сапасына байланысты.

I. Халық табысының өсуi

Адам еңбекқор болып, өз кәсiбiн жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсiп ашып, оны дамытуға мүмкiндiк болған кезде табыс артады.

Мемлекет пен адамдардың күш бiрiктiруiнiң арқасында ғана бiз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз.

Бiрiншiден, Үкiметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгi жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейiн өсiрудi тапсырамын.

Бұл барлық сала бойынша түрлi меншiк нысандарындағы кәсiпорындарда жұмыс iстейтiн 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тiкелей қамтиды.

Бюджеттiк мекемелерде жұмыс iстейтiн 275 мың қызметкердiң еңбекақысы көбейiп, орта есеппен 35 пайызға өседi. 

Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда  республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.

Осыған орай, ендi, ең төменгi жалақы  ең төменгi күнкөрiс шегiне байланысты болмайды. Ең төменгi жалақының жаңа мөлшерi бүкiл экономика ауқымындағы еңбекақы өсiмiнiң катализаторына айналады.

Төмен жалақы алатын қызметкерлердiң еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы iрi компаниялар қолдайды деп сенемiн.

Екiншiден, бизнестi өркендетудiң тұрақты көздерiн қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркiндiгiн қолдау керек.

Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлiгi табыспен қамтамасыз етiледi.

Бiрiншi. Бiз 2010 жылдың өзiнде «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасын iске қостық.

Өңiрлерге жұмыс сапарым барысында мұның тиiмдiлiгiне көз жеткiздiм.

Бағдарламаның қолданылу мерзiмiн 2025 жылға дейiн ұзарту керек.

Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшiн жыл сайын қосымша кемiнде 30 миллиард теңге бөлудi қарастыру қажет.

Бұл 3 жыл iшiнде қосымша кемiнде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсiруге және 3 триллион теңгенiң өнiмiн өндiруге мүмкiндiк бередi.

Екiншi. Экономикада бәсекелестiктi дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметi үшiн белгiленетiн тарифтер саласында тәртiп орнату мақсатымен батыл шаралар қабылдау керек. 

Коммуналдық қызмет пен табиғи монополияларды реттеу салаларында тарифтiң жасалуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуы әлi күнге дейiн ашық емес.

Монополистердiң инвестициялық мiндеттемелерiне тиiмдi мониторинг пен бақылау жүргiзiлмей отыр.

Үкiмет 3 ай мерзiм iшiнде осы мәселемен айналысып, бәсекелестiктi қорғау функциясын елеулi түрде күшейте отырып, монополияға қарсы ведомствоның жұмысын реформалауы керек.

Бұл — маңызды мәселе, ол бизнес үшiн кететiн шығынның артуына, адамдардың нақты табысын азайтуға әкеп соқтырады.

Үшiншi. Бизнестi заңсыз әкiмшiлiк қысымнан және қылмыстық қудалау қаупiнен қорғауды арттыра түсу керек.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық заңнамасының бұзылуы жөнiндегi қылмыстық жауапкершiлiктiң қолданылу шегiн, айыппұлды өсiре отырып, 50 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiн арттыруды тапсырамын.

Сондай-ақ, негiзгi мiндетi көлеңкелi экономикамен күрес болуға тиiс Қаржы мониторингi комитетiне функцияларын бере отырып, Экономикалық тергеу қызметiн қайта құру қажет.   

Бiз «қолма-қол ақшасыз экономикаға» бет бұруымыз керек.

Мұнда жазалаушы ғана емес, сондай-ақ бизнестiң қолма-қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау сияқты ынталандырушы құралдарға да сүйенген жөн.  

Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелер интеграциясының аяқталуы әкiмшiлендiрудiң ашықтығын арттырады.  

Үкiмет үш жыл iшiнде экономикадағы көлеңкелi айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшiн нақты шаралар қабылдауға тиiс.

Бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшiн 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негiзгi сомасы төленген жағдайда, өсiм мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшiн «салық амнистиясын» жүргiзуге кiрiсудi тапсырамын.

Төртiншi. Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесi экономикалық саясаттың негiзгi элементi болуға тиiс.

Үкiмет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруi қажет.  

Бiздiң сауда саясатымызда селқостық болмауға тиiс.

Оған бiздiң тауарларымызды өңiрлiк және әлемдiк нарықта iлгерiлететiн белсендi сипат дарыту керек.

Сонымен бiрге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игерiп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшiн кәсiпорындарымызға көмектесу қажет.   

Бұл экспорттық әлеуетiмiздi жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ iшкi нарықты отандық тауарлармен толтыру үшiн де маңызды.

Үкiметке өңдеу өнеркәсiбi мен шикiзаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлудi тапсырамын. 

Басымдығы бар жобаларға қолжетiмдi несие беру мiндетiн шешу үшiн Ұлттық банкке кемiнде 600 миллиард теңге көлемiнде ұзақ мерзiмге қаржы бөлудi тапсырамын.

Үкiмет Ұлттық банкпен бiрлесiп, осы қаражаттың көзделген мақсатқа жұмсалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуi керек.   

Iрi әрi серпiндi жобаларды жүзеге асыру үшiн шетелдiк инвесторлармен бiрлесiп инвестиция салу қағидаты бойынша жұмыс iстейтiн Шикiзаттық емес секторға бөлiнетiн тiкелей инвестиция қорын құру мәселесiн қарастыру қажет.

Сондай-ақ, көлiк-логистика және басқа да қызмет көрсету секторларын iлгерiлету жөнiндегi жұмыстарды жандандыру керек.

Бай табиғатымыз бен мәдени әлеуетiмiздi пайдалану үшiн сырттан келетiн және iшкi туризмдi дамытуға ерекше көңiл бөлу қажет. Үкiмет қысқа мерзiмде салалық мемлекеттiк бағдарлама қабылдауға тиiс.    

Бесiншi. Агроөнеркәсiп кешенiнiң әлеуетiн толық iске асыру керек.

Негiзгi мiндет — еңбек өнiмдiлiгiн және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнiмiнiң экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.

Мемлекеттiк қолдаудың барлық шараларын елiмiзге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет.

Бiз икемдi әрi ыңғайлы стандарттарды енгiзу және ауыл шаруашылығы саласындағы беделдi шетелдiк мамандарды — «ақылды адамдарды» тарту арқылы саланы басқарудың үздiк тәжiрибесiн пайдалануымыз керек.

Ауыл кәсiпкерлерiне шаруашылық жүргiзудiң жаңа дағдыларын үйрету үшiн жаппай оқыту жүйесiн қалыптастырған жөн.

Үкiметке алдағы 3 жыл iшiнде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша кемiнде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын. 

Алтыншы. Инновациялық және сервистiк секторларды дамытуға ерекше көңiл бөлген жөн.

Ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернетi, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын iлгерiлетудi қамтамасыз ету қажет.

Елiмiздiң жаһандық әлемдегi орны мен рөлi келешекте нақ осыларға байланысты болады.

Үкiметке Назарбаев Университетiмен бiрлесiп, нақты жобаларды анықтай отырып, әрбiр бағыт бойынша арнайы бағдарламалар әзiрлеудi тапсырамын.

Университет базасында жасанды интеллект технологиясын әзiрлеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институтын құру сондай жобалардың бiрi бола алады.

Жетiншi. Нақты экономиканы өркендету үшiн қаржы секторының рөлiн күшейтiп, ұзақ мерзiмдi макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет.

Бағаның өсуi, қаржыландыруға қолжетiмдiлiк, банктердiң орнықтылығы — мiне, осы мәселелер көбiне қазiр жұрттың қызығушылығын тудырып отыр.

Ұлттық банк Үкiметпен бiрлесiп, қаржы секторын және нақты секторларды сауықтыру, инфляцияға қарсы кешендi саясат жүргiзу мәселелерiн жүйелi түрде шешудi бастауы керек.

Қалыптасқан жағдайда экономиканы, әсiресе, өңдеу секторы мен шағын және орта бизнестi несиелендiрудi ұлғайту өте маңызды.

Сондай-ақ, зейнетақы активтерi мен әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң ресурстарын басқару тиiмдiлiгiн арттырып, баламалы қаржы құралдарын — құнды қағаз нарығы, сақтандыру және басқа да салаларды нақты дамыту керек.

Бизнестi шетел инвестициясымен, капиталға қолжетiмдiлiкпен қамтамасыз ету iсiнде «Астана» халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиiс.

Бiз жеке сотты, қаржы реттеуiшiн, биржаны арнайы құрдық.

Барлық мемлекеттiк органдар мен ұлттық компаниялар осы алаңды белсендi пайдаланып, оның тез қалыптасуына және дамуына атсалысуы керек.

* * *

Аталған шаралардың тиiмдi жүзеге асырылуы жалақының өсуi мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы есебiнен қазақстандықтардың табысын арттырады.

Бұл үдерiстер әрдайым Үкiметтiң басты назарында болуға тиiс.

II. Тұрмыс сапасын арттыру

Әл-ауқатымыздың екiншi бiр сипаты — өмiр сүру деңгейiнiң артуы.

Бiлiм берудiң, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдiң сапасы мен қолжетiмдiлiгi, жайлы және қауiпсiз жағдайда өмiр сүру мәселелерi әрбiр қазақстандық отбасына қатысты.    

Осыған орай, Үкiмет әлеуметтiк секторға, қауiпсiздiк пен инфрақұрылымға мән бере отырып, бюджет шығыстарының басымдықтарын қайта қарауға тиiс.

Бiрiншi. 5 жыл iшiнде бiлiм, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты iшкi жалпы өнiмнiң 10 пайызына дейiн жеткiзу қажет.  

Қаржыландыруды халыққа қызмет көрсету сапасын елеулi түрде арттыруды қамтамасыз ететiн тиiстi реформаларды жүзеге асыру үшiн бағыттау керек.  

Екiншi. Мектепке дейiнгi бiлiм беру сапасын түбегейлi жақсарту керек.

Ойлау негiздерi, ақыл-ой мен шығармашылық қабiлеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады.    

Бiлiм беру iсiнде 4К моделiне: креативтiлiктi, сыни ойлауды, коммуникативтiлiктi дамытуға және командада жұмыс iстей бiлуге басты назар аударылуда.

Бұл салада бiлiктiлiк талаптарын, оқыту әдiсiн, тәрбиешiлердiң және балабақшадағы басқа да қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн қайта қарау қажет.  

Бiлiм және ғылым министрлiгi әкiмдiктермен бiрлесiп, биыл тиiстi «Жол картасын» әзiрлеуi керек.

Үшiншi. Орта бiлiм беру жүйесiнде негiзгi тәсiлдер белгiленген, қазiргi кезеңде солардың орындалуына баса назар аударған жөн. 

Назарбаев зияткерлiк мектептерiнiң оқыту жүйесi мен әдiстемесi мемлекеттiк мектептер үшiн бiрыңғай стандарт болуға тиiс. Бұл мектеп бiлiмiн реформалаудың қорытынды кезеңi болады.

Бiлiм сапасын бағалау жүйесi халықаралық стандарттарға негiзделуге тиiс.

Орта мектептердiң өзiнде балаларды мейлiнше сұранысқа ие мамандықтарға бейiмдеп, кәсiби диагностика жүргiзу маңызды.    

Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалiмнiң оқу жүктемесiн азайтуға мүмкiндiк бередi.

Балалар қауiпсiздiгiнiң маңыздылығын ескерiп, бүкiл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесiмен қамтамасыз етудi, мектеп психологтарының жұмысын күшейтудi және басқа да дәйектi шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.  

Бiлiм алудың қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетiспейтiнi, мектептердiң үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлiнше сезiлiп отырған  өңiрлер үшiн Үкiметке 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша 50 миллиард теңге қарастыруды тапсырамын.

Төртiншi. Келесi жылы «Педагог мәртебесi туралы» заңды әзiрлеп, қабылдау қажет деп санаймын.

Бұл құжат мұғалiмдер мен мектепке дейiнгi мекемелер қызметкерлерi үшiн барлық игiлiктi қарастырып, жүктеменi азайтуға, жөнсiз тексерiстер мен мiндеттен  тыс функциялардан арашалауға тиiс.   

Бесiншi. Жоғары бiлiм беру iсiнде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтiледi.

Бiз гранттардың санын көбейттiк, ендi жауапкершiлiктiң кезеңi келдi.

Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийi — оқу бiтiрген студенттердiң жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы.

Жоғары оқу орындарын iрiлендiру саясатын жүргiзу қажет.

Нарықта жоғары сапалы бiлiм берудi қамтамасыз ететiндерi ғана қалуға тиiс. Назарбаев Университетiнiң тәжiрибесiне сүйенiп, үздiк шетелдiк топ-менеджерлердi жұмысқа тарту арқылы әлемнiң жетекшi университеттерiмен әрiптестiк орнату маңызды.

Қазiргi бiлiм инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетiнiң үлгiсiмен өңiрлiк жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын.     

Алтыншы. Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтiк көңiл-күйiнiң аса маңызды компонентi болып саналады. 

Ең алдымен, әсiресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң қолжетiмдi болуын қамтамасыз ету қажет.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететiн қызметкерлердi ынталандыру үшiн 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу iсiн басқарудың жаңа тәсiлдерiн енгiзген учаскелiк медицина қызметкерлерiнiң жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтудi тапсырамын.  

Осы мақсаттарға келесi жылы 5 миллиард теңге бөлiнедi.  

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргiзуге көшуге тиiс.

Бұл 2020 жылға қарай бүкiл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектердi, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкiндiк бередi.

Осыған дейiн жасалған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердiң тәжiрибесiн пайдаланып, 2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастау керек.    

Осылайша бiз көптеген адам өмiрiн сақтап қаламыз.

Жетiншi.  Өңiрлiк деңгейдегi резервтердi тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетiмдiлiгiн арттыру қажет.

Үкiметке және әкiмдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенiн салуды тапсырамын.

Сондай-ақ, қолданыстағы, әсiресе мектептердегi спорт ғимараттарын тиiмдi пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшiн аулаларды, парктердi, саябақтарды жабдықтау қажет.

Сегiзiншi. Ұлт саулығы — мемлекеттiң басты басымдығы. Бұл — қазақстандықтар сапалы азық-түлiктi пайдалануға тиiс деген сөз.

Бүгiнде халықты сапасыз әрi денсаулыққа және өмiрге қауiп төндiретiн тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтерден қорғайтын тұтас саясат жоқ.

Үкiметке шаралар қабылдауды және осы жұмысты ретке келтiрудi тапсырамын.

Келесi жылдан бастап Тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет сапасын және қауiпсiздiгiн бақылау комитетi жұмысын бастауға тиiс.

Оның қызметi, ең бастысы, азық-түлiкке, дәрi-дәрмекке, ауыз суға, балалар тауарына, медициналық қызмет көрсетуге сараптама жүргiзудi қамтитын болады.  

Бұл үшiн заманауи зертханалық базаны қамтамасыз етiп, бiлiктi мамандар штатын қалыптастыру қажет.

Бұл орайда, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдарды институционалды тұрғыдан күшейтiп, оларды белсендi пайдаланған жөн.

Бiз әрдайым бизнеске көмек көрсетемiз, бiрақ адам, оның құқықтары мен денсаулығы маңыздырақ.

Мемлекет әкiмшiлiк кедергiлердi азайту барысында көптеген тексерiстен, рұқсат беру және басқа да рәсiмдерден бас тартты.

Сондықтан, ұсынылатын тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен қауiпсiздiгi үшiн бизнес қоғамдастығы да жауап бередi.

Жалпы, бизнес пайда табуды ғана емес, сондай-ақ, мемлекетпен бiрлесiп азаматтарымыздың қауiпсiздiгi мен жайлы тұрмысын қамтамасыз етудi де ойлауы керек.   

* * *

Халыққа сапалы әлеуметтiк қызмет көрсету iсi тұрғын үй жағдайын жақсарту, елiмiздегi кез келген елдi мекенде жайлы әрi қауiпсiз өмiр сүру сипатындағы мол мүмкiндiктермен үйлесiмдi түрде толыға түсуге тиiс.

III. Өмiр сүруге жайлы орта қалыптастыру

Жайлылық дегенiмiз — ең алдымен, тұрғын үйдiң қолжетiмдiлiгi, ауланың әдемiлiгi мен қауiпсiздiгi, тiршiлiкке және жұмыс iстеуге қолайлы елдi мекеннiң және сапалы инфрақұрылымның болуы.

Бiрiншi. Сапалы әрi қолжетiмдi тұрғын үй.

Бүгiнде бiз тұрғын үй құрылысына зор серпiн берiп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты iске асырудамыз.

Тұрғын үй ипотекасының қолжетiмдiлiгiн арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды.

Әкiмдерге жергiлiктi бюджет есебiнен жеңiлдетiлген ипотека бойынша алғашқы жарнаны iшiнара субсидиялау мәселесiн пысықтауды тапсырамын.

Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру бiлiктiлiгi жоғары педагогтер, медицина қызметкерлерi, полицейлер және өңiрге қажеттi басқа да мамандар үшiн ипотеканың қол жетiмдiлiгiн арттырады.

Сондай-ақ, халықтың әлеуметтiк тұрғыдан әлсiз топтары үшiн iрi қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет.

Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшiн тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкiндiк бередi.

Бюджет есебiнен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлiк инфрақұрылым жүргiзудi қоса алғанда, мемлекет бес жыл iшiнде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетедi.

Екiншi. Елiмiздiң аумақтық дамуына жаңа тәсiлдер енгiзудi қамтамасыз ету қажет.

Бүгiнде жетекшi елдердiң экономикасы, көбiне, жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылады.

Әлемдiк iшкi жалпы өнiмнiң 70 пайыздан астамы қалаларда түзiледi.

Бiздiң өз тұрмыс салтымыз тарихи қалыптасты, моноқалалары мен шағын облыс орталықтары бар аграрлы экономика басымдыққа ие болды.

Сондықтан 18 миллион халқы бар ел үшiн миллионнан астам тұрғыны бар 3 қаланың болуы,  соның iшiнде 2 қаланың тәуелсiз Қазақстан дәуiрiнде осы қатарға қосылуы  — үлкен жетiстiк.

Астана мен Алматы елiмiздегi iшкi жалпы өнiмнiң 30 пайыздан астамын қазiрдiң өзiнде қамтамасыз етiп отыр.

Бiрақ, қалалардың инфрақұрылымы кәсiпорындар мен тұрғындардың жедел өсiп келе жатқан қажеттiлiктерiне сай бола бермейдi.

Соңғы жылдары бiз «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастырдық.

2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделдi. Бұл жұмыстар жалғасуда және 2020 жылға дейiн қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға берiледi.

Ендi өңiрлiк және қалалық инфрақұрылымды жүйелi түрде дамытқан жөн.

Осы мақсатқа орай биыл қаржыландыру көлемi арты: жергiлiктi маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге дейiн, ауылдық  жерлердi сумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейiн қаражат бөлiндi.

Әкiмдер осы қаражаттың есебiнен өңiрлердегi мейлiнше өткiр проблемаларды шешуге күш жұмылдыруы керек.

Үкiмет бұл мiндеттi жүйелi қолға алып, қосымша инфрақұрылымдық мәселелер тiзiмiн жасап, жобаларды бағалап, оларды қаржыландыру көздерiн iздеп табуы қажет.

Жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елдi мекендердi дамыту жоспарларымен ұштастыру қажет, сондай-ақ, бұл секторға жеке инвесторларды тарту үшiн жағдай жасаған жөн.

Сонымен қатар, «инфрақұрылым адамдарға» моделiнен «адамдар инфрақұрылымға» моделiне бiрте-бiрте көшу қажет.

Бұл елдi мекендердi iрiлендiру iсiн ынталандырып, бөлiнетiн қаражатты пайдалану тиiмдiлiгiн арттыратын болады.

Әрбiр өңiр мен iрi қала бәсекеге қабiлеттiлiктiң қолда бар басымдықтарын ескерiп, өзiндiк орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделiне сүйене отырып дамуға тиiс.

Осыған орай, тiрек саналатын ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейiнгi түрлi елдi мекендер үшiн өңiрлiк стандарттар жүйесiн әзiрлеу керек.

Бұл стандарт әлеуметтiк игiлiктер мен көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң тiзiмi мен қолжетiмдiлiгiнiң, көлiк, мәдени-спорттық, iскерлiк, өндiрiстiк, цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етiлудiң нақты көрсеткiштерiн және басқа да мәселелердi қамтуға тиiс.

Экологиялық ахуалды жақсарту, соның iшiнде зиянды заттардың таралуы, топырақтың, жердiң, ауаның жағдайы, қалдықтарды жою, сондай-ақ онлайн түрiнде еркiн қолжетiмдi экологиялық мониторинг жүргiзу жүйесiн дамыту жөнiндегi жұмыстарды күшейту қажет.

Мүмкiндiгi шектеулi тұлғаларға арналған «кедергiсiз орта» қалыптастыруға зор мән берiлуге тиiс.

2019 жылдың 1 қыркүйегiне дейiн Елiмiздiң басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын Елiмiздiң 2030 жылға дейiнгi аумақтық-кеңiстiктiк дамуының болжамды схемасын әзiрлеудi тапсырамын.

Практикалық шараларды жүзеге асыру үшiн нақты iс-шараларды, жобаларды және қаржыландыру көлемiн көрсете отырып, Өңiрлердi дамытудың 2025 жылға дейiнгi прагматикалық бағдарламасын әзiрлеудi тапсырамын.

Өңiрлiк дамудың аталған аспектiлерi iске асырылу мерзiмдерi 2025 жылға дейiн ұзартылуға тиiс «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттiк бағдарламаларында ескерiлуi керек.

Бiрiншiсi көлiк инфрақұрылымын дамытуға, екiншiсi — коммуналды және тұрғын үй құрылысындағы мiндеттердi шешуге бағытталуға тиiс.

Бұл бағдарламалардың «екiншi тынысын» ашу керек.

Үшiншi. Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерiстер қажет.

Қауiпсiздiк тұрмыс сапасының ажырамас бөлiгi болып саналады.

Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қылмыспен күресте «алдыңғы шепте» жүрiедi, көбiне өз басын қатерге тiгiп, азаматтарды қорғайды.

Сонымен қатар, қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлi жақсаруын күтiп отыр.

Үкiметке Президент Әкiмшiлiгiмен бiрлесiп, «Iшкi iстер органдарын жаңғырту жөнiндегi жол картасын» қабылдауды тапсырамын.

Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауға тиiс.

Бiрiншiден, Iшкi iстер министрлiгiнiң штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзiне тиесiлi емес функциялардан арылту қажет.

Үнемделген қаражатты полицейлердiң жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтiк мәселелерiн шешуге бағыттаған жөн.

Екiншiден, полиция қызметкерiнiң жаңа стандартын бекiтiп, мансаптық iлгерiлеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен iрiктеу жүйесiн өзгерту керек.

Қызметкерлердiң бәрi қайта аттестациялаудан өтуге тиiс. Тек үздiктерi ғана қызметiн жалғастырады.

Үшiншiден, халықпен жұмыс iстеудiң жаңа заманауи форматтарын енгiзiп, полицияны бағалаудың критерийлерiн түбегейлi өзгерткен жөн.

Полицияның жұмысын сервистiк модельге көшiру қажет.

Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керiсiнше, қиын жағдайда көмек көрсетушi деген түсiнiк орнығуы керек.

Қалалық және аудандық iшкi iстер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшiн қолайлы жағдай жасау қажет.

Қазақстанның бүкiл қалаларын қоғамдық қауiпсiздiкке мониторинг жүргiзу жүйелерiмен жабдықтау керек.

Қоғам тарапынан бiлдiрiлген сенiм деңгейi және халықтың өзiн қауiпсiз сезiнуi полиция жұмысын бағалаудың негiзгi өлшемдерi болуға тиiс.

Төртiншi. Сот жүйесiн одан әрi жаңғырту.

Соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен, басты мiндет — соттарға деген сенiмнiң жоғары деңгейiн қамтамасыз ету шешiмiн таппай отыр.

Сонымен қатар, құқық үстемдiгi — бiздiң реформаларымыздың табысты болуының негiзгi факторы.

Бiрiншiден, сот жұмысының заманауи форматтарын және озық электронды сервистер енгiзудi жалғастырған жөн.

Жыл сайын 4 миллион азаматымыз  сотта қаралатын iске қатысады.

Бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалады!

Уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететiн артық сот рәсiмдерi қысқаруға тиiс. Бұрын адамдардың жеке өздерiнiң келуi талап етiлсе, қазiр оны алыстан жүзеге асыруға болады.

Екiншiден, сот жүйесiнiң сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етiп, үздiк заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керек.

Үшiншiден, әсiресе бизнес пен мемлекеттiк құрылымдар арасындағы сот арқылы шешiлетiн дау-дамайды қарау кезiнде түсiнiктi әрi болжамды сот тәжiрибесi керек, сондай-ақ судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкiндiктерiн жою қажет.

Жоғарғы сотқа Үкiметпен бiрлесiп, жыл соңына дейiн тиiстi шаралар кешенiн әзiрлеудi тапсырамын.

* * *

Кез келген реформаларды iске асыру барысында өзiнiң барлық iс-қимылын халықтың әл-ауқатын арттыруға арнайтын жинақы әрi тиiмдi мемлекеттiк аппарат маңызды рөл атқаратын болады.

IV. Азаматтар сұранысына бейiмделген мемлекеттiк аппарат

Жаңа кезең жағдайында мемлекеттiк аппарат қалай өзгеруге тиiс?

Бiрiншi. Мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмдiлiгiн түбегейлi арттыру.

«Сапа» — мемлекеттiк қызметшi өмiрiнiң жаңа стилi, ал өзiн-өзi жетiлдiру — оның басты қағидаты болуға тиiс.

Жаңа формацияның мемлекеттiк қызметшiлерi мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиiс.

Бұл арқылы тұрақты керi байланыс орнығып, мемлекеттiк саясаттың нақты шаралары мен нәтижелерi қызу талқыланып, жұртшылыққа түсiндiрiледi.

Мемлекеттiк басқару академиясы Назарбаев Университетiмен бiрлесiп, «Жаңа формацияның басшысы» бағдарламасын және басшылық қызметтерге тағайындау кезiнде арнайы қайта даярлаудан өткiзетiн курстар әзiрлеу қажет.   

Үздiк шетелдiк компанияларда жұмыс тәжiрибесi бар немесе әлемнiң жетекшi университеттерiнде бiлiм алған жеке сектордағы кәсiби мамандарды тарту маңызды. 

Биыл бiз 4 мемлекеттiк органға жалақы төлеудiң жаңа моделiн енгiздiк.

Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетiп отыр.

Мемлекеттiк қызметке қызығушылық артты, әсiресе өңiрлiк деңгейде оның өзектiлiгi жоғары.

Тиiмсiз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебiнен төменгi және орта буындағы қызметкерлердiң жалақысы 2-2,5 есе өстi.

Кадрлардың жұмыстан кетуi 2 есе қысқарды.

Беделдi жоғары оқу орындарын бiтiрген түлектердi қоса алғанда, бiлiктiлiгi жоғары кадрлардың жеке сектордан келуi 3 есе артты.

Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiнде орталық аппаратқа арналған конкурс бiр орынға 28 адамға дейiн, ал өңiрлiк құрылымдарда бiр орынға 60 адамға дейiн өстi.

Маңғыстау облысының әкiмдiгiндегi 1 бос орынға ендi 16 адам, ал Әдiлет министрлiгiнде орта есеппен 13 адам үмiткер болып отыр.

Астанада мемлекет-жекеменшiк әрiптестiк аясында iске асырылып жатқан жобаларды қаржыландыруға қатысты жаңа тәсiлдер есебiнен ғана 30 миллиардтан астам теңге үнемделдi.

Еңбекақы төлеудiң жаңа моделiне көшу үшiн мемлекеттiк органдардың басшыларына «бюджеттiк-кадрлық маневрдi» жүзеге асыруға құқық бердiм.

Олар үнемделген қаражатты қызметшiлердiң жалақысын арттыруға бағыттау мүмкiндiгiн алды.

Қазiргi уақытта көптеген мемлекеттiк органдар жаңа модельге көшудi қалап отыр.

Ең бастысы — олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрiнен бұрын, жұмыстарының тиiмдiлiгiн арттыру деп түсiнуi керек.

Еңбекке төленетiн қаржының өсiмi бюджет шығысын, соның iшiнде  бағынышты мекемелердiң шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебiнен өтелуiн бақылауда ұстауды тапсырамын.  

Бұл жерде аталған жобаның беделiн түсiрмес үшiн формализм мен теңгермешiлiкке жол бермеу қажет.

Екiншi. Осы күрделi кезеңде бөлiнетiн әрбiр теңгенiң қайтарымының мол болуына қол жеткiзу керек.

Тексерiстер нәтижелерi айқындап отырғандай, құрылыс құны кей жағдайда жобалық құжаттар әзiрлеу кезеңiнде-ақ арттырылып көрсетiледi.

Соңына дейiн жеткiзiлмейтiн немесе перспективасы жоқ екенi әуел бастан белгiлi болған жобалар бар.

Егер жүктелген iске жауапкершiлiк танытатын болсақ, бюджеттiң жүздеген миллиард теңгесiн үнемдеп, тұрғындардың нақты қажетiне бағыттауға болады.

Үкiмет тиiмсiз әрi уақтылы емес шығындарды болдырмай, шығыстарды оңтайландырып, қаражатты үнемдеу үшiн жүйелi шаралар қабылдауы қажет.

Үшiншi. Сыбайлас жемқорлықпен белсендi күрес жалғасатын болады.

Бiрiншiден, көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтер аясында мемлекеттiк қызметшiлердiң тұрғындармен тiкелей қарым-қатынасын азайтуға қол жеткiзген жөн.

Жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократтық рәсiмдер жұртшылықты мазалайтын мәселелердiң бiрi болып саналады.

Бұл салада ашықтық жоқ, халық пен бизнес ақпаратқа толық қол жеткiзе алмай отыр.

Жер қоры мен жылжымайтын мүлiк нысандары туралы мәлiметтердiң бiрыңғай ақпараттық базасын жасауды тапсырамын.

Осы мәселе бойынша тәртiп орнатып, жердi нақты инвесторларға беру керек!

Бұл — бiр ғана мысал.

Жұрттың және бизнес қоғамдастығының наразылығын туғызатын басқа да бағыттар бойынша тиiстi реттеу жұмыстарын жүргiзу керек.

Жалпы, 2019 жылы көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң 80 пайызы, ал 2020 жылы кемiнде 90 пайызы электронды форматқа көшiрiлуге тиiс.

Сол үшiн Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы заңды жедел жаңарту керек.

Екiншiден, қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бiрiншi басшылардың жеке тәртiптiк жауапкершiлiгiн күшейту мәселесiн пысықтау қажет.

Сонымен қатар, адал жұмыс iстейтiн қызметкер тексерушiлерден қорықпауға тиiс.

Үшiншiден, «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңiрлер» жобалары аясында елорданың жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру жөнiндегi тәжiрибесiн тарату керек.

Төртiншi. Үкiмет пен барлық мемлекеттiк органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайту қажет.

Соңғы кездерi Үкiметтегi, мемлекеттiк органдардағы ұзақ отырыстар мен кеңестердiң саны еселеп артып, сондай-ақ құжат айналымы елеулi түрде көбейдi.   

Үкiмет әкiмдердiң және олардың орынбасарларының қатысуымен күнiне 7 кеңес өткiзетiн кездерi де болады.

Олар қай кезде жұмыс iстейдi?

Мұны доғарып, бұл мәселенi ретке келтiру керек.

Өздерiне нақты мiндеттемелер алуға  және солар үшiн жария түрде есеп беруге тиiс министрлер мен әкiмдерге шешiм қабылдау еркiндiгiн ұсыну қажет.

Елiмiздiң 2025 жылға дейiнгi дамуының стратегиялық жоспарының әзiрленген көрсеткiштер картасы бұған негiз болуға тиiс.

Бесiншi. Қойылған мiндеттердi тиiмдi жүзеге асыру үшiн реформалардың жүргiзiлуiне бақылау механизмдерiн күшейту қажет.

Үкiмет пен мемлекеттiк органдар жыл соңына дейiн дамудың аталған барлық мәселелерiн қамти отырып, нақты индикаторлар мен «жол карталарын» әзiрлеуге тиiс, сондай-ақ реформаларды iске қосу үшiн қажеттi заң жобаларының бәрiн Парламентке уақтылы енгiзуi керек.

Өз кезегiнде, Парламент оларды сапалы әрi жедел қарастырып, қабылдауға тиiс.

Реформалар мен негiзгi стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргiзiп, бағалау үшiн қажеттi өкiлеттiктер бере отырып, Президент Әкiмшiлiгiнде Ұлттық жаңғыру офисiн құруды тапсырамын.

Бұл офис статистикалық көрсеткiштерге мониторинг жүргiзуден бөлек, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжiрибесiне сәйкес, тұрғындар үшiн өзектi мәселелер жөнiнде халық пен бизнес өкiлдерi арасында тұрақты түрде сауалнама жүргiзудi қамтамасыз етедi.

Офис әрбiр бағыт бойынша қалыптасқан  жағдай жөнiнде маған үнемi баяндап отырады.

Үкiметтiң әрбiр мүшесi, мемлекеттiк органдар мен компаниялардың басшылары алға қойылған мiндеттердiң орындалуына дербес жауап беретiн болады.

V. Тиiмдi сыртқы саясат

Қазақстанның табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшiн бастамашыл белсендi сыртқы саясатты одан әрi жүзеге асыру қажет.

Бiздiң бейбiтсүйгiш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзiн-өзi толық ақтап отыр.

Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстардың эталоны болып саналады.

Толыққанды интеграциялық бiрлестiк әрi әлемдiк экономикалық қатынастардың белсендi мүшесi ретiнде қалыптасқан Еуразиялық экономикалық одақ табысты жұмыс iстеуде.

Орталық Азия өңiрiнде өзара ықпалдастықтың жаңа парағы ашылды.

Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық серiктестiгiмiз дәйектi түрде дамып келедi.

«Бiр белдеу — бiр жол» бағдарламасы Қытаймен қарым-қатынасымызға тың серпiн бердi.

Менiң қаңтар айындағы Вашингтонға ресми сапарым және Президент Дональд Трамппен жүргiзген келiссөздерiм барысында Қазақстан мен АҚШ-тың XXI ғасырдағы кеңейтiлген стратегиялық серiктестiгi жөнiндегi уағдаластыққа қол жеткiзiлдi.

Бiз сауда және инвестиция саласындағы iрi серiктесiмiз — Еуропа Одағымен қарқынды ынтымақтастығымызды жалғастыра беремiз.

ТМД елдерiмен, Түркиямен, Иранмен, Араб Шығысы және Азия елдерiмен өзара тиiмдi екi жақты қатынастар дамып келедi.

Ақтау қаласындағы саммитте қабылданған Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi туралы конвенция Каспий маңы елдерiмен ынтымақтастықтың жаңа мүмкiндiктерiне жол ашады.

Қазақстан Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Қауiпсiздiк Кеңесiндегi миссиясын абыроймен аяқтап келедi.

Сирия жөнiндегi Астана процесi бейбiт жолмен реттеу және осы елдiң дағдарыстан шығуы жөнiнде тиiмдi жұмыс жүргiзiп жатқан бiрден-бiр келiссөздер форматына айналды.

Сонымен қатар, қазiргi күрделi жағдайда Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бейiмделудi және ұлттық мүдденi прагматизм қағидаттарына сәйкес iлгерiлетудi талап етедi.

* * *

Барлық кезеңде де табысқа деген нық сенiм мен халықтың бiрлiгi ғана ел тағдырын шешкен.

Бiрлескен күш-жiгерiмiздiң арқасында ғана бiз ұлы асуларды бағындыра аламыз.

VI. Әрбiр қазақстандықтың елiмiздегi өзгерiстер үдерiстерiне атсалысуы

Әрбiр қазақстандық жүргiзiлiп жатқан реформалардың мәнiн және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсiнуге тиiс.

Реформаларды табысты жүзеге асыру үшiн қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерiстерiне зор серпiн бердi.

Бұл бастаманы әрi қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет.

Жастар мен отбасы институтын кешендi қолдау мемлекеттiк саясаттың басымдығына айналуға тиiс.

Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтiк сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек.

Келесi жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын.

Бiз ауылдық жерлердiң әлеуметтiк ортасын жаңғыртуға кiрiсуiмiз қажет.

Бұған арнайы «Ауыл — Ел бесiгi» жобасының iске қосылуы септiгiн тигiзедi.

Бұл жоба арқылы өңiрлердегi еңбекке қатысты идеологияны iлгерiлетудi қолға алу керек.

Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспiрiмдер бiрлестiгiн құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенiң рөлiн күшейткен жөн.

«Өз жерiңдi танып бiл» жаңа бастамасы аясында елiмiздiң өңiрлерi бойынша жаппай мектеп туризмiн қайта жаңғырту керек.

Бүгiнде халықтың әлеуметтiк көңiл-күйiн айқындайтын негiзгi салаларда теңдессiз шаралар ұсынылып отыр.

Бастамалардың қаржылық көлемi 1,5 триллион теңгеден асады, ал жиынтық әсерi одан да көбiрек. Бұл халықтың өмiр сүру деңгейiн арттыруға зор серпiн бередi. 

Бұл — ең сенiмдi әрi тиiмдi инвестиция.

Қымбатты қазақстандықтар!

Халқымыздың бақуатты өмiр сүруi және елiмiздiң озық дамыған 30 елдiң қатарына қосылуы — Тәуелсiз мемлекетiмiздiң мәңгiлiк мұраты.

Бiз қашан да заман сынына тегеурiндi iс-қимылмен төтеп берiп келемiз.

Бұл — ең алдымен, ел ынтымағының арқасы.

«Ынтымақты елдiң ырысы мол» дейдi халқымыз.

Бүгiнгi кезеңнiң де талабы оңай емес.

Бiрлiгiмiз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, бiз үшiн алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды.

Мен әрбiр жолдауымда халықтың әлеуметтiк жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән берiп келемiн.

Қазiргi «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да мемлекеттiк бағдарламалардың басты мақсаты — халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.

Қазақстанның бағындыратын биiктерi әлi алда.

Осы жолда халық сенiмi рухымызды жiгерлендiрiп, бойымызға күш-қайрат дарытады.

Сол сенiмдi ақтаудан артық мұрат жоқ!

2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Президентi Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы (ZIP 21 Kb)

Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2017 жылғы 31 қаңтар «Қазақстанның үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» (ZIP 19 Kb)

Мақаланың шыққан күні: 27.09.2017 12:28

Парақтағы соңғы өзгерістер: 06.09.2019 15:32

СҚО Тимирязев ауданының әкiмi
Кеңесов Нұрлан Маратұлы

Қараша 2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
Подать резюме

Подать резюме

ҚР Әділет министрлігі

Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі Қазақстан Республикасының шекарасынан шығу кезінде кедергілерді болдырмау үшін жеке және заңды тұлғаларға www.adilet.gov.kz сайтында сот актілері бойынша берешегін және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеуін тексеруді ұсынады.

Официальный сайт Президента Республики Казахстан Премьер-министр Казахстана egov.kz Ассамблея народа Казахстана Официальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской области IPO ДКБ2020 Алтын сапа Әділет Модернизация пенсионной системы Казконтент Иновационные гранты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Защита бизнеса СКО Электрондық еңбек биржасы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есім Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіАстана — Ұлы дала елордасы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі АҚ ҰК «Kazakh Invest»

@2019 Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы

A- A A+